Медицина мамандары аяқ айқастырып отырмау керектігін ескертті
Медицина мамандары аяқ айқастырып отырмау керектігін ескертті

Дәріс кезінде ұстазымыздан көзге онша оғаш көріне бермейтін, өмірде елене бермейтін кейбір әдептерге қатысты жиі ескертпелер алып отыратынбыз. Соның бірі - аяқ айқастыруға қатысты. Ең қызығы, ыңғайлы әрі сырт көзге түрпідей көрінбейді деп жүрген бұл отырыстың, өзіндік залалы бар көрінеді. Ғалымдар бұл отырыстың денсаулыққа зиян екендігін айтады. Ал бұл поза, шын мәнінде, денсаулыққа айтарлықтай зарар келтіреді ме?

⠀ Асылында, сырт келбетіміздің әр жастағы көрінісі - генетикамен тікелей байланысты екендігін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Осы факторлар арқылы адамның қартаю үдерісі жылдам жүрсе керек.

⠀ Жалпы, аяқ айқастырып отыру - көктамырлардың кеңеюі – қан тамырларының қысылып, қанайналымының бұзылғандығының белгісі. Аяқты айқастырып отыру – кіші жамбас аумағында қан жүрмей қалуына әкеледі. Ал ол, әйелдер үшін (әсіресе, жүкті әйелдерге) өте зиян. Өзімізді үнемі қадағалау оңай шаруа емес, есесіне, жүре-жүре үйреніп кетуімізге болады.

   Жүкті әйелдерге қатысты айтып қалдық. Енді соған кеңінен тоқтала кеткеніміз де жөн болары анық. Асылында, жүкті әйелдерге аяқты айқастырып отыруға мүлдем болмайды.

   Бұл пікірдің «сәбидің аяғы қисық, не маймақ болып қалады» деген мағынасыз түсіндірмесінен өзге, жүктілік кезінде аяқты айқастырып отыру варикозға шалдықтырады деген мағыналы анықтамасы бар екен. Соңғысы жай сөз емес. Өйткені Бостондық медицина орталығының мамандары болашақ аналарға арнап жазған «A Guide to Pregnancy, Birth and Babies» брошюрасында акушерлер жүкті әйелдердің 7 мен 9-шы айлар аралығында аяқтарын айқастырып ұзақ отырмауға кеңес береді. Екіқабат кезде дененің массасы ауырлап, ісініп жүретін болғандықтан, тамырға қосымша ауыртпалық түседі. Сол үшін төменгі жақтың қан айналымы дұрыс болуы үшін мейлінше, аяқты айқастырып отырудан аулақ болған жөн. Сондай-ақ, жүктілік кезінде (7-9 айлары) аяқты айқастырып отыру қан тамырларының кеңеюіне әкеліп соғу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, ол күйде отырмаған абзал.

   Ал бұл отырысты, көбіңіз этикетпен, яки, әңгімелесушіге деген ізетпен байланыстыруларыңыз да бек мүмкін. Ондайда, сіздермен қарама-қарсы пікірдегі адамдардың бар екендігін айтқымыз келеді. Кейбір елдерде, аяқ айқастырып отыру ерсі, әрі, қарсы тарапқа деген құрметсіздік болып есептеледі екен. Мәселен, Тайланд корольдігінде, өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты, халқы бұл отырысты құп көрмейді. Тек әйел адам үшін емес, ер адамның да бұлай отыруы, айналасындағыларды қорлау болып қабылданатын көрінеді. Мүмкін, олар бұл отырысты паңдық деп есептейтін шығар?.. Ал психологияда, бұлай отыратын адам – қарсы тараппен байланысқысы келмейді, оған ашылғысы, онымен тілдескісі келмейді дегенді білдіреді.

   Шариғи әдеп тұрғысынан да бұл отырыс ерсі саналады. Бұған қатысты, Ахмед ибн Ханбалдың (рахимахулла) хадистер жинағында, Жәбир ибн Абдулладан (радиаллаху әнһу) мынадай хадис келтіріледі. Онда Алла елшісі былай деген: «Сендердің біреулерің отырғанда немесе шалқасынан жатқанда екі аяғын бір-біріне қоймасын (аяқты айқастырмасын)» деген.

   Әйткенмен, аяқты айқастыру күнә деп ойлап қалмаңыз! Тек көпшілік алдында аяқ айқастырып отыру - әдепсіздікті білдіретінін есіңізде сақтасаңыз болғаны. Өзіңіз жекелей, я жақындарыңызбен қалғанда олай отырудың еш әбестігі жоқ дер едім. Дей тұрғанмен, жоғарыда жазып өткен дәйекті мағлұматтарды ескеріп, өзіңіз дұрыс шешім қабылдарыңыз анық.

аяқ айқастыру, медицина аяқ айқастыру, медицина мамандары
Ақмарал КАНАЛАқмарал КАНАЛ
4 жыл бұрын 6607
0 пікір
Блог туралы