Мысқылдың түбі – мүшкіл
Мысқылдың түбі – мүшкіл

"Бауырыңмен келемеждесіп қалжыңдаспа!"

(Хадис)

"Әзіл адамды қорламау керек, ренжітпеу керек. Әзіл өлмейді. Әзілді орынды айта алмаған адам бірінші өледі, сосын барып әзіл өледі" - деген екен, сықақшы Көпен Әмірбеков.

   Әлқисса, ата-бабаларымыз әлімсақтан әзіл-қалжыңға дұрыс көңіл бөле білген. Тарихтың қойнауына терең үңілсек те ол турасында мол тірек табарымыз анық. Оған өзімізге өмірлік рухани азық болған мақал-мәтелдердің өзін айтсақ та жеткілікті болар?! Әйтпесе, бабаларымыздың қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды өткір ой, салмақты сөз, орынды қалжың арқылы бейбіт жолмен шешкені баршамызға мағлұм шығар...

    Иә, расында да, осындай тілге шешен халықтың ұрпағы болғасын қалжыңдасудан қара жаяу емеспіз. Бірақ кейде, дөп сөйлеудің орнына көп сөйлеп көпіріп, қателік жіберетініміздің несін жасырайын? «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» нақ өзін келтіреміз ғой. Тіпті, айналамыздағыларды сөзбен шымшып, әзілмен уатып, ренжей қоймас деп терісіне ине тыққандай сөзімізді қадап, әдебиеттегі сарказммен, әжуа-мысқылмен бір кекетіп астарлап сөйлеп жатамыз. Ал, "мұнымыз қаншалықты дұрыс? - деп ойлану бізде жоғынан.

    Психологтардың айтуынша, адамдар ең жақын достары қалжыңдаса да іштей жақтыра бермейді. Бар болғаны қалжыңның ұнатпайтындығын айтып, достарының арасында жылауық болып көрінбейін деп іштей тынып, өзін сырт көзге әзілге кет әрі емес секілді ұстайды. Міне, осы себепті, досы қаншалықты жақын болып тұрса да бұл сырды айта алмайды екен.

    Асыл дінімізде біреуді келеке етіп, оның намысына тию, келемеж етіп, кемсіту, өтірік, ғайбат, жалаға құрылған әзіл-сықақ әңгімелерді айту, әсте дұрыс іс емес. Десе де, оны есімізден шығарып алатындарымыз көп.

     Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білуің өзі  – сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмауын талап ететін. Алла елшісі бір хадисінде: «Бауырыңның үстінен күлуші болма, Алла тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін» деген. Демек, өзгенің көңіліне тиетін істен, орынсыз әзілден сақтануымыз қажет.

    Айтатын сөздерінің байыбына бармайтын кей адамдардың, түймең түссе түйедей әзіл айтып, бойыңдағы кемшіліктерді жіпке маржандай тізіп, сөзі – олақ, ойы – шолақ боп, әзілім жарасса сенімен ойнаймын деп бетіңе уытты сөзін шегемен қағып беріп, артынанша "рас қой!"- деп байбалам салуларын қайтесің?! Сүйегі жоқ балық болмайтыны сияқты, кемшілігі жоқ адам болмайтыны белгілі ғой. Иә, кемшілік іздесек өзімізден де табамыз. Дей тұрғанмен, олқылығын әзілге қосып, адамның шымбайына тиіп, оны кемсітіп қандай ләззат аламыз?!

    Бауырымыздың кемшілігін айтамыз деп, оны ренжітіп қоюымыз, бетіне тарс еткізіп, күллі ортаның көзінше жолдасымыздың кемшілігін жайып салып, көңіліне қаяу түсіруіміздің өзі – ғайбат саналатынын білемісіз? Тіпті, естігенде ренжитін сөзді бетіне айтуың да күнә болып табылады. Сол себепті, жақынымызға кемшілігін айтқымыз келсе, жұрт көзінше емес, оңаша әрі ақырын, жұмсақ тілмен, ым-ишара, өнегелі іспен жеткізуіміз құба-құп болар еді. Ислам - жан жүректі өртейтін дін емес, жан жүректі емдейтін дін! Ал біз оның сипаттарын оңды пайдаланбай, мұсылмандығымыздан ада болып жатамыз. Ал орынсыз қалжың-оспақты шетке ысырып тастау - біздің адами қасиетіміз. Өйткені ол, екі дүниеңе де зарарын тигізер зиянды іс.

   Қалжыңдассақ жеңіл-желпі, адамға күлкі сыйларлық, намысына нұқсан келтірмейтін, өтіріктен алыс әзіл айтуымыз тиіс.

   Халқымыз "Оспадардың ойыны бұзық" деп бекер айтпаса керек. Тоқ етері, күлдіремін деп жолдасымызды іштей жылатып, өзіміздің құнымызбен қоса, досымызды жоғалтып, қандай адам екенімізді жұртқа білдіріп қоймасақ болғаны.

 

 

реніш, әзіл, Ақмарал Канал, Канал Ақмарал, қалжың, кемшілік айту, әзіл-қалжың
Ақмарал КАНАЛАқмарал КАНАЛ
4 жыл бұрын 3303
0 пікір
Блог туралы